28 Ақпан, 2015

Ел тілегін  ескеріңіз, Елбасы!

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
004Қазақстан халқы Ас­сам­б­леясының Кеңесі бастап, бүкіл халық қостап, Парламенттің қос палатасы, Үкімет қолдап,  Конс­титуциялық Кеңес растап, осы­дан екі күн бұрын Мемле­кет басшысының Қазақстан хал­қына Үндеу арнауымен, «Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің кезектен тыс сай­лауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоюымен тия­нақталған тағдырлы, тарихи шешім барша жұрттың көңі­лінен шығып отыр. Оны «Еге­мен Қазақстанның» әуелде ой­ластырылған екі бетіне сыймай, төрт бетін толтырып кеткен қуанышты қолдау сөздері жарияланған кешегі нөмірі де айғақтайды. Әрине, халық кезектен тыс пре­зиденттік сайлауды өт­кі­зу жөніндегі бастаманы қол­да­ғанда әйтеуір биыл сайлау­ды атқарып алайық, келесі жыл­ғы парламенттік сайлаумен қа­баттаспасын, Конституцияның талабы бұлжытпай сақталсын деп қана отырған жоқ. Халық бұл бастаманы қолдағанда ең ал­дымен елдің ертеңін ерте жарықта айқындайық, ел бас­қарудың  екі тізгін, бір шыл­бырын елін сүйген, елі сүй­ген ерге берейік, әлемді буып тұрған экономикалық қиын­шылықтарды Елбасы­мыздың басшылығымен бірге еңсерейік деп отыр. Сондай тұста елдің Президент өз Үндеуінде айтқан «Алдағы сайлауға өзімнің қаты­сатыныма орай шешімді мен кейінірек, еліміздің Конс­ти­туциясы мен заңдарына толық сәйкес қабылдайтын боламын» деген ұстамды сөзіне үміт ар­татыны да анық. Өйткені, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың еге­мендіктің елең-алаңында, Тәуел­сіздіктің таңсәрі шағында айтқан «Мен елімнің жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деген сөзін ұмытпаймыз. Өйткені, біз Нұрсұлтан Назар­баев­тың бүкіл өмірін, бар білімі мен білігін, бар қабілеті мен қажырын халқына, тек халқына, тағы да халқына арнайтынына анық сенеміз. Ал елдің ондай үмітін алдымен кімдер білдіре алады? Кеңестік кезеңнің көрнек­ті жазушысы, орыс көркемсөзінің зергері Андрей Платоновтың «Қарт механик» деген әңгі­ме­сінде бір кейіпкер: «Без меня народ не полный!» дейтін еді. Қа­натты сөзге айналып кеткен бұл тіркес әр адамның азамат және тұлға ретінде ел өмірінде өзінше алар орны бар екенін көрсетеді. Соның өзінде де ел сөзін ұстаған, ел үшін қалам ұштаған азаматтарымыздың – қаламгерлер қауымының мемлекеттің тыныс-тірші­лі­гіндегі жолы бөлекше. Бұл дәл осы күндерде тағы да тамаша танылып отыр. Кеше Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағында қаламгерлер қауымы бас қосып, алдағы сайлауға түсуге Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келісім беруін сұраған мәлімдеме жасады. Астанадағы белді жазушылар­дың бір тобы редакциямызға хабарласып, осы мәселеге орай өз пікірлерін таралымы екі жүз мыңнан асатын ел газеті арқылы жеткізуді сұрады. Қаламгерлер қауымының лебіздер топтамасын «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөміріне (2-ші бетке) жариялай отырып, осынау ортақ ой барша жұртшылықтың көңілінен шығатынына, бүкіл халықтың қолдауына ие болатынына нық сенімімізді білдіреміз. Сонымен, елдіктің тағы бір сын сағаты соққалы тұр. Елі­міз жасампаздық жолын жемісті жалғастыра бер­сін десек, мемлекетіміз біз­дің өзімізге қатысы жоқ себеп­термен бетпе-бет келіп отыр­ған қиындықтарды табыс­ты еңсерсін десек, ішкі және сыртқы саясатымыздағы са­бақ­тастық сәтті сақталсын десек, халқымыздың көңіл-күйі алдағы кезде де алаңсыз болсын десек, ертеңгі күніне сенімді болсын десек, біз Қазақстанды осы жылдар ішінде бір асудан бір асуға бастап келе жатқан, туған елін әлем танитын, санасатын, құрметтейтін елге ай­налдырған Азаматқа – Нұр­сұлтан Назарбаевқа халық атынан ұсыныс айтуға, үміт артуға, елі үшін кесімді шешім қабылдауын сұрауға тиіспіз. Ол шешім Елбасының өзінен де бұрын өзі жанындай сүйетін, суығына тоңып, ыстығына күйетін елі үшін керек, ортақ Отанымыз – Қазақстанның болашағы үшін керек. Қысқасы, Елбасына тіле­гі­мізді қазақы қайырымға салып түйіндесек: Желбіретуге ел туын, Шығыңыз тағы бел буып! Сауытбек АБДРАХМАНОВ.